Қазақстанның таза энергетиканы дамытатын жақсы әлеуеті бар – Қытайлық сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы машина жасау саласының дамуы және таза энергетикаға көшу перспективалары қытайлық инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Бұл туралы Қытайдың Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті жанындағы Машина жасау комитеті төрағасының орынбасары Чжоу Хаймин мәлімдеді.

Чжоу Хаймин
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

− Қазақстанның таза энергетиканы дамытатын жақсы әлеуеті бар. Оған қоса, мұнда инновациялық технологиялар да дамып келеді. 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 30%-ға дейін артады деп күтілуде, − деді спикер Қазақстан машина жасаушыларының XII форумының кулуарында.

Металлургия саласына қатысты Чжоу Хаймин Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынас өндіріс көлемінің артуына ықпал еткенін айтты – сала 1,8 миллиард долларға өскен.

Сөз соңында ол екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

− Біздің Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті Қазақстан машина жасаушылары одағымен бірлесіп ынтымақтастықты жалғастыруға дайын. Біз қазақстандық және қытайлық компаниялар арасындағы халықаралық әріптестікті қамтамасыз етіп, сауда мен инвестицияны дамытуға ықпал ете аламыз, − деді Чжоу Хаймин.

Бұған дейін Ч. Хаймин Қытай компаниялары Қазақстанның машина жасау секторына, оның ішінде негізгі компоненттерді өндіретін бірлескен кәсіпорындар құруға қызығушылық танытқанын айтқан еді.

2028 жылға қарай Қазақстанда машина жасау көлемі 4,5 есеге артады.

 

Соңғы жаңалықтар