Қазақстанның цифрлық парламент тәжірибесі Бельгияның назарын аударды

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгияда осы елдің Федералдық парламентінің депутаты Михаэль Фрейлих Қазақстан Республикасы Құрылтайының делегациясымен кездесті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Қазақстанның цифрлық парламент тәжірибесі Бельгияның назарын аударды
Фото: Арнұр Рахымбеков / Kazinform

Әлемдік электронды парламент конференциясына қатысу үшін Брюссельге Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев бастаған делегация барды. Оның құрамында комитет мүшесі Абай Алтай да болды.

Кездесуде мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе алмасу, парламенттік реформалар және заманауи цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы байланысты нығайтуға да назар аударды. Әсіресе 2026 жылғы қазанда Бельгия королі Филипптің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары және 2027 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатыны атап өтілді.

Қазақстандық делегация елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және цифрлық реформалардың негізгі бағыттарын таныстырды. Атап айтқанда, Цифрлық кодекстің, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік саласындағы заңнаманың қабылданғаны сөз болды.

Сондай-ақ e-Quryltai цифрлық парламенттік платформасын енгізу және оны алдағы уақытта жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланатын AI-Quryltai интеллектуалды жүйесіне айналдыру жоспарлары таныстырылды. Жаңа жүйе заң шығару жұмысы мен парламенттік бақылау үдерістерінде қолданылмақ.

Кездесу барысында жасанды интеллектіні құқықтық реттеу, цифрлық инфрақұрылымды қорғау және Еуропалық одақтың AI Act заңнамасын қолдану тәжірибесі талқыланды. Сонымен қатар микроэлектроника, озық технологиялар және мамандар даярлау бағытында Бельгияның жетекші ғылыми орталықтарының бірі IMEC-пен ынтымақтастық орнату мүмкіндігі қарастырылды.

Келіссөз қорытындысында Қазақстан тарапы екі елдің бейінді парламенттік комитеттері арасында тікелей жұмыс байланысын орнатуды, 2027 жылдың бірінші жартысында бірлескен онлайн-кездесу өткізуді және парламент қызметіне цифрлық шешімдерді енгізу бойынша тәжірибе алмасуды жандандыруды ұсынды.

Парламентаралық байланысты одан әрі дамыту мақсатында Михаэль Фрейлих пен оның бельгиялық әріптестері Қазақстанға 2027 жылы келуге шақырылды.

Бельгиялық депутат Қазақстанмен тәжірибе алмасуға мүдделі

Михаэль Фрейлих Қазақстан делегациясының Бельгияға сапарына қуанышты екенін айтып, екі елдің арасында ұқсастық көп екенін атап өтті.

«Бүгін Бельгияда сіздердің елдеріңіздің атынан делегация келгеніне қуаныштымын. Меніңше, екі елдің ортақ тұстары көп. Қазақстанда 20 миллионға жуық, ал Бельгияда 11 миллион адам тұрады. Біз халқы салыстырмалы түрде аз болғанымен, өз болмысын мақтан тұтатын және аумағы әлдеқайда үлкен мемлекеттермен көршілес жатқан елдерміз.

Технология саласында біз бірлесіп айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бельгия аутентификация және электронды үкімет бағыттарында бірқатар технологияның бастауында тұр. Қазақстан парламентінде де осындай ұмтылыс бар екенін көріп отырмын.

Сондықтан алдағы уақытта идеялармен, тәжірибемен алмасып, озық шешімдерді бірлесіп дамыту екі елге де нақты пайда әкеледі деп сенемін. Қазақстан мен Бельгия қарым-қатынасының болашағына үлкен үмітпен қараймын», — деді Михаэль Фрейлих Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Бельгиялық депутат Қазақстанда жүргізілген соңғы конституциялық реформалар мен мемлекеттік цифрлық қызметтерді жаңғырту жұмыстарына да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Астананың бұл бағыттағы тәжірибесі Брюссельде қызығушылық тудырып отыр.

— Сіздерді жаңа Конституцияның қабылдануымен және парламенттік жүйенің өзгеруімен құттықтаймын. Бельгияда да, әсіресе менің партиямда, мемлекеттік жүйені жеңілдету мәселесі жиі көтеріледі. Бізде де парламенттің жоғарғы және төменгі палаталары бар. Ал Қазақстан бір палаталы жүйеге көшкенін түсіндім. Технология саласында біз шешуге тиіс мәселелердің бірі — бір-бірінен бөлек жұмыс істейтін 18 түрлі платформаның орнына бірыңғай жүйе қалыптастыру. Сіздердің 18 платформадан бір жүйеге көшкендеріңізді естідік. Бұдан бөлек, азамат мемлекеттік органға жүгінгенде, әртүрлі он сайтты іздеп жүрмей, бір ғана мекенжай арқылы қажетті қызметті ала алуы керек. Бұл бағытта да бір-бірімізден үйренеріміз көп. Ынтымақтастықты қалай дамытуға болатынын бірге қарастыра аламыз, — деді Михаэль Фрейлих.