Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы жеке заттарын музейге табыстады

музей
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов ҚР Президент орталығындағы Қазақстан спортының Даңқ музейіне жеке заттарын тарту етті.

ҚР Спортты дамыту дирекциясы мәлім еткендей, 1994 жылы Лиллехаммердегі XVII қысқы Олимпиадада Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алғаш рет қатысып, Владимир Смирнов 50 шақырымдық (классикалық стиль) жарыста чемпион атанған еді. 

музей
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

«Бұл біздің егемен ел ретінде барған алғашқы олимпия ойындарымыз, бірінші алтын жүлдеміз болатын. Өзімді сол үшін мақтан тұтамын. Содан бері арада 30 жыл өтіпті. Кеше Щучинск қаласында арнайы іс-шара өтті. Бүгін сондағы мектеп оқушылары маған жылы лебізін айтып, зор қуаныш сыйлады. Осы музейге келушілер көп болғанын қалаймын. Біздің заттарымыз арқылы олар сол жарыс жайлы көбірек біле алады», - деді Олимпиада жеңімпазы.

музей
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазір Қазақстан спортының Даңқ музейінде Серік Сапиевтің Лондон Олимпиадасындағы былғары қолғабы, Александр Винокуровтың жейдесі мен велосипеді, Дмитрий Баландиннің Рио Олимпиадасындағы спорт киімі, Дәулет Тұрлыхановтың медальдары, Денис Теннің Сочи Олимпиадасындағы костюмі, Данияр Елеусіновтің шлемі мен киімі, Геннадий Головкиннің алтын белбеулері және өзге де заттар қойылған.

Соңғы жаңалықтар