Қазақстанның туристік картасы өзгереді: Air Astana мен бес өңір күш біріктірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан шетелдік туристер үшін тартымды бағытқа айналдыру жолындағы қадамын күшейтті. Air Astana, Kazakh Tourism және бес өңір күш біріктіріп, халықаралық нарықта Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен танытуға кірісті. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» мәлім етті.

Қазақстанның туристік картасы өзгереді: Air Astana мен бес өңір күш біріктірді
Фото: Kazinform\ЖИ

21 қыркүйекте Алматыда «Эйр Астана» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және Қазақстанның бес облысы 2027 жылға арналған стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл серіктестіктің мақсаты — кіру туризмін дамытуды қолдауда синергеялық әсер қалыптастыру, жолаушылар легін ұлғайту және Қазақстанның халықаралық нарықтағы орнын нығайту.

Қазақстанның туристік картасы өзгереді: Air Astana мен бес өңір күш біріктірді
Фото: «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ

Келісімге Air Astana, Kazakh Tourism, Астана мен Алматы әкімдіктері, сондай-ақ Алматы, Ақмола және Маңғыстау облыстары қол қойды. Тараптар Қазақстанды туристік бағыт ретінде ілгерілету жөніндегі бірлескен бастамаларды іске асыру үшін өздерінің маркетингтік, коммуникациялық және ұйымдастырушылық ресурстарын біріктіреді.

Ынтымақтастық digital науқандарды өткізуді, ірі халықаралық көрмелер мен роуд-шоуларға қатысуды, халықаралық серіктестер мен БАҚ өкілдері үшін танысу сапарларын, B2B іс-шараларын, сондай-ақ басым нарықтарды бірлесіп талдауды қамтитын болады.

— Шетелдік меймандарды тарту — бұл ең алдымен бірлескен еңбектің нәтижесі. Мүмкіндіктерімізді ұлттық әуе компаниясымен және өңірлермен тоғыстыру арқылы біз сыртқы нарықта Қазақстанның танымалдылығын арттырамыз, — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ
Фото: «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ

Оның пікірінше, бұл қадам елімізге саяхатшылардың тұрақты келуін қамтамасыз етіп, аймақтардағы қызмет көрсету саласы мен бизнестің өркендеуіне жол ашады

—  Біздің мақсатымыз – Қазақстанға халықаралық әуе тасымалдарының артуымен қатар, кірме туризмді де бірлесіп дамыту, — деді Air Astana компаниялар тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел.

Air Astana мен бес өңір күш біріктірді
Фото: «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ

Air Astana өкілінің айтуынша, Қазақстанды шетелдік саяхатшылар үшін қолжетімді ету, бай мәдени мұра мен көрікті жерлердің әртүрлілігі туралы хабардарлықты арттыру, сондай-ақ Қазақстанды туристік бағыт ретінде ілгерілетуді жоспарлап отыр.

— Kazakh Tourism және өңірлермен тығыз ынтымақтастықтың арқасында біз халықаралық маркетингтік іс-шараларда синергияға қол жеткізе аламыз, Қазақстанды және Air Astana желісін неғұрлым тиімді ілгерілетеміз, сондай-ақ қонақтарымыздың саяхатының барлық кезеңінде әлемдік деңгейдегі сервисті қамтамасыз ете аламыз, — дейді ол.

Ал туризмді мемлекеттік қолдау бағытында қандай өзгеріс енгізіліп жатқанын мына сілтемеден оқыңыз.