Қазақстанның үздік 5 туристік ауылы белгілі болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауының қорытындысы шықты.

Kazakh Tourism мәліметінше, облыс әкімдіктеріне байқауға өңірден үш ауылды ұсынуға мүмкіндік берілген. Қатысушыларды іріктеу кезінде табиғи және мәдени ресурстарға, елді мекендердегі дәстүрлі қызмет түрлерінің сақталуына ерекше көңіл бөлінді. Байқау қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік 5 туристік ауылы анықталды.
Олар:
- Лепсі (Жетісу облысы, Алакөл ауданы);
- Нағи Ілиясов (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы);
- Хан Ордасы (Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы);
- Поперечное (Шығыс Қазақстан облысы, Риддер ауданы);
- Шабанбай би (Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы).
Ұлттық кезеңнің жеңімпаздары БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) өткізетін UN Tourism Best Tourism Village халықаралық байқауында Қазақстанды таныстырады.
Еске салайық, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы халықаралық деңгейде ең үздік туристік ауыл ретінде танылып, беделді «Best Tourism Villages by UNWTO» сыйлығымен марапатталды.