Қазақстанның зайырлылық тәжірибесі Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясында таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда зайырлылық түрлі дін өкілдерінің теңдігін қамтамасыз ету және конфессияаралық диалогты дамыту негізі ретінде қарастырылады. Қазақстанның мемлекет, діни бірлестіктер және азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесін Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының үшінші сессиясында сарапшы Дмитрий Полтаренко таныстырды.
Оның айтуынша, дінді мемлекеттен бөлу қағидаты Қазақстан Конституциясында жеке норма ретінде бекітілген. Бұл ретте мемлекеттің зайырлы сипаты дінге қарсы болуды немесе оның қоғамдық өмірдегі орнын шектеуді білдірмейді.
— Зайырлылық — атеизмді насихаттау емес. Зайырлылық — әр адамның еркіндігін дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында заң талаптарын сақтай отырып жұмыс істейтін әрбір діни ұйымның дамуына мүмкіндік беру, — деп атап өтті Дмитрий Полтаренко.
Ол зайырлылық азаматтар мен діни конфессиялардың теңдігін, сондай-ақ мемлекеттің дүниетанымдық бейтараптығын қамтамасыз ететінін атап өтті. Мемлекеттің міндеті — ар-ождан бостандығына кепілдік беру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Сарапшының айтуынша, қандай да бір идеология, оның ішінде діни немесе дінге қатысы жоқ идеология да, зорлық-зомбылықты немесе басқа адамның құқықтарын бұзуды ақтауға негіз бола алмайды.
Дмитрий Полтаренко көпэтносты әрі көпконфессиялы Қазақстанда зайырлылық қағидаты түрлі діни көзқарастағы азаматтардың бір қоғамда өмір сүруіне негіз болатынын атап өтті.
Негізгі қағидаттардың бірі — азаматтардың діни ұстанымына қарамастан заң алдында тең болуы. Білім беру, мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау және әскери қызмет салаларында баршаға ортақ талаптар қолданылады.
Сонымен қатар сарапшы діни сенім бостандығын шектеу негізсіз болмауы керек екенін айтты. Оның сөзінше, адамның белгілі бір дінді ұстану құқығы мен өз сенімін қоғамда білдіру әрекетін ажырата білу қажет.
— Қоғам шектеулерді белгілеуге құқылы. Оны жекелеген топ емес, қоғамның өзі айқындайды, — деп атап өтті ол.
Бұл ретте ар-ождан бостандығы мен азаматтардың құқықтарын сақтай отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.
Полтаренко азаматтық қоғамның рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар мемлекет, діни бірлестіктер мен қоғам арасындағы диалогты дамытуға, сондай-ақ маңызды әрі сезімтал мәселелер бойынша ортақ шешімдер табуға ықпал етеді.
Ол мысал ретінде 2021 жылдан бері Қарағанды және Ұлытау облыстарында жұмыс істеп келе жатқан Діни бірлестіктер клубтарын атап өтті. Клуб жұмысына өңірдегі негізгі конфессиялардың өкілдері қатысады.
Клубтардың мақсаты — діни ілімдерді бір арнаға тоғыстыру емес, мемлекет, діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам өкілдері арасында тұрақты әрі ашық диалог орнату.
Сарапшының айтуынша, мұндай кездесулер қоғам үшін маңызды әрі сезімтал мәселелерді ашық талқылауға және пікір қайшылығын ушықтырмай, ортақ шешім іздеуге мүмкіндік береді.
Клубтар жұмыс істеп бастағаннан бері 100-ден астам бірлескен іс-шара өткізілген. Кездесулер барысында діни саладағы заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар да айтылған. Олардың кейбірі кейін заңнамаға енгізілген өзгерістерде де көрініс тапты.
Сонымен қатар Дмитрий Полтаренко әлемде діни радикалдану қаупінің күшейіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті.
Сарапшы дін атын жамылған радикалды көзқарастардың қоғамға қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай түсініктер адамды мемлекет пен қоғамға қарсы қоюға, зайырлы заңнаманы мойындамауға алып келуі мүмкін. Әсіресе жастардың осалдығын пайдаланатын жағдайларға назар аудару қажет.
Осы ретте діни сенім бостандығы мен қоғамда бәріне ортақ заң талаптарының ара-жігін нақты ажырату маңызды. Полтаренконың пікірінше, бұл бағыттағы шаралар азаматтарды дініне немесе дүниетанымына байланысты кемсітуге жол бермеуі тиіс.
— Жетілген зайырлылық — қоғамның адам өмір сүретін шеңбер мен шекараны белгілейтін, ал адамның өзге адамдардың бостандығын құрметтей отырып, діни еркіндігін жүзеге асыратын демократиялық қағидаттар, — деп атап өтті Дмитрий Полтаренко.
Оның бағалауынша, Қазақстанда дәл осындай тәсіл қалыптасқан. Яғни зайырлылық қағидаты ар-ождан бостандығын, азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы диалогты дамытуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Вице-Президент Ерлан Қарин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысына қатысушылармен екіжақты кездесулер өткізді.