Қазақстанның 100 жаңа есімін халық таңдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 қазанда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша халықтық дауыс беру басталады. Дауыс беру 100esim.el.kz сайтында жүргізіледі. 
None
None

Бұл жаңалықты бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Алан Әжібаев хабарлады.

Ағымдағы жылдың 7-нші маусымы мен 15-інші қыркүйегі аралығында жұмыс тобының хатшылығына аталған жобаға қатысуға бүкіл еліміздің аумағынан көптеген өтініштер түскен. Соның ішіндегі 2 112 үміткердің тарихы el.kz порталында жарияланып, халыққа таныстырылды. Түптеп келгенде, сараптамалық және жұмыс топтарының қорытындыларының негізінде 302 адамның тізімі жасалды. Алайда, соның ішіндегі 100 адам ғана аталған жобаға кіретіні мәлім. Ал кімнің ол жүздіктің ішіне кіретінін халық таңдайды.

«Өтініштерді іріктеу кезіндегі ең басты критерий - әр адамның тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан нақты үлесі бағаланады. Халықтық дауыс беруге қатысатын 302 адамның тізімі жасалды. Ондағы әрбір үміткердің табысының тарихы күллі еліміз білуге лайықты»,-деді баспасөз мәслихатында Алан Әжібаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай барлық қазақстандықтарды дауыс беруге белсене қатысуға шақырды. «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» тізіміне кімдердің кіретінін біз халықтың таңдауынан ғана білеміз. Бұл жобаның түпкі мақсаты - қазіргі қоғамымыздағы айтулы табысқа жеткен 100 адамның тарихын жарқыратып көрсету. Ал жоба арқылы өзінің ақылымен, талантымен, қол еңбегімен еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жаңа адамдардың есімдерін ашу көзделіп отыр. Ол адамдарды қазіргі заманғы Қазақстанның мақтанышы деуге әбден болады. Олардың кез-келгенінің табысқа жетуінің тарихы жас ұрпаққа лайықты үлгі болары сөзсіз»,- деді Дархан Мыңбай.

«Қазконтент» АҚ-ның басқарма төрағасы Евгений Кочетов әр адамның үш үміткерге дейін дауыс бере алатынын мәлім етті. Оның айтуынша, 100 жаңа есім ғаламтор арқылы іріктеледі. «Еліміз үшін аса маңызды жоба бойынша дауыс беру 18 қазан күні, яғни, сәрсенбінің сәтінде басталады. 302 үміткердің ішінен 100 жаңа есімді халық таңдайды. Ыңғайлы болуы үшін үміткерлерді 6 топқа бөлдік. Мәдениет бойынша - 32 адам, қоғам - 83, бизнес - 51, медицина - 46, ғылым - 47, спорт бойынша - 43 адам бар»,-деп түсіндірді ол.

Евгений Кочетов  тілшілер қауымына 100esim.el.kz сайтында қалай дауыс беруге болатынын түсіндіріп берді. Біріншіден, дауыс беремін деген адам 100esim.el.kz сайтына тіркелуге міндетті. «Біз тіркелуді іске қостық. Өйткені кез-келген үміткерге қатысты жалған дауыс болмауы керек. Бұл - қауіпсіздік шараларының бірі. Кез-келген адам өзінің электронды поштасының мекенжайы арқылы немесе әлеуметтік желідегі аккаунты арқылы сайтқа тіркеле алады»,- деді Е. Кочетов. Екіншіден, 18 қазаннан бастап сайтқа кірген әр адам үш үміткерге дауыс беруге құқылы. Алайда бір үміткерге бірақ рет дауыс беріледі. Қайталап дауыс беруге тыйым салынады. Ең бастысы, дауыс беру процесі Фейсбук, Инстаграм, Вконтакте әлеуметтік желілерінде күнделікті ашық көрсетіліп отырады. Халықтық дауыс беру рәсімі ағымдағы жылдың 10-ыншы қарашасына дейін жүргізіледі.  

Соңғы жаңалықтар