Қазақстанның 17 қаласы ЮНИСЕФ-тің жаһандық бастамасына қосылған
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда БҰҰ Балалар қорының жаһандық бастамаларының бірі - Қазақстан Республикасындағы Балаға мейірімді қалалардың ІІІ республикалық форумы өтуде,
деп хабарлайды pm.kz сайты ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум жұмысына балаға мейірімді қала әкімдерінің орынбасарлары, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, педагогтар, балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының көшбасшылары, барлығы 70-тен астам адам қатысуда.
Кездесудің негізгі мақсаты - келешегі кемел балалық шаққа жағдай жасау, қаланың барлық маңызды тіршілік саласында балаларға сапалы қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды үйлестіру, қоғамдық ұйымдарға, еріктілер бірлестіктеріне, балалар мен жастар мәслихатына қатыстыру арқылы балалар мен жастарды әлеуметтік бейімдеу үшін ынтымақтастық стратегияларды анықтау болып табылады.
«Форум қатысушыларына БҰҰ Балалар қорымен бірлесе отырып әзірленген балаларға мейірімді қалаларды аккредитациялау және сертификаттау үлгісі таныстырылады», - делінген ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарламасында.
«Балаға мейрімді қала» - бұл 1996 жылы БҰҰ-ның елді мекендер жөнінде өткен Екінші конференциясында алғаш рет жария етілген БҰҰ Балалар қорының жаһандық бастамасы болып табылады. «Балаға мейрімді қала» бастамасы бала құқығы туралы Конвенцияның барынша толық орындалуына көмектесуге бағытталған балалардың өмір сүру деңгейінің жақсаруына көмектесетін жергілікті бақару стратегиясы болып табылады. Балаға мейірімділік танытқысы келген қала бала құқықтары туралы Конвенцияның ұстанымдарына сәйкес жергілікті басқару жүйесін жасап шығаруы керек.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстанның 17 қаласы жаһандық бастамаға қосылған (Астана, Алматы, Саран, Сәтбаев, Балқаш, Абай, Осакаровка, Семей, Өскемен, Ақсу, Екібастұз, Павлодар, Ақсай, Қызылорда, Петропавл, Ақтөбе, Шымкент қалалары). ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау Комитеті осы қалалардың әкімдіктерімен меморандумдарға қол қойды.
Осы қалаларда балалар мен отбасылардың жағдайлары зерттеліп, ведомствоаралық үйлестіру кеңестері құрылды, халықаралық бастаманы жүзеге асырудың стратегиялық бағдарламасы әзірленіп, қабылданған.
Халықаралық бастаманы жүзеге асырып отырған қалаларда «Балаға мейірімді емханалар», «Балаға мейірімді кітапханалар» (Балқаш қаласы) жобалары енгізіліп, «Әкелер кеңесі» (Сәтбаев қаласы), Отбасы мен балаларды қолдау орталығы (Өскемен қаласы) жұмыс істейді.