Қазақстанның 17 қаласында «Біліктілік» емтиханы өтеді
АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Біліктілікті жетілдіру курстарының бағдарламасы бойынша Қазақстанның 17 қаласында 3 мыңнан астам мұғалім біліктілік емтиханын тапсырады,
деп хабарлады рm.kz сайты «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ал Астанада 364 мұғалім «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ-ның жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығында бірінші біліктілік емтиханын тапсыруда.
«Емтиханнан өткен мұғалімдер бағдарламаның үшінші базалық деңгейінің сертификатына ие болады және жалақыларына 30% үстемақы алады», - деп атап көрсетіледі хабарламада.
Біліктілік емтиханы мұғалімдерді бағалаудың қорытынды процедурасы болып табылады және ол Кембридж Университетімен бірлесіп дайындалған тест сұрақтарынан тұрады.
Айта кету керек, 2012 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ-ның базасында 1 мың педагогты, басқа орталықтарда 6 мыңға жуық мұғалімді даярлау жоспарлануда. Кембридж Университеті мен Педагогикалық шеберлік орталығының бірлескен бағдарламасы бойынша алдағы бес жылдың ішінде 120 мыңнан астам қазақстандық біліктіліктерін жетілдіреді.