Қазақстанның 2 қызы бокстан әлем чемпионы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тайбэйде өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатында Қазақстанның 2 спортшысы алтын медаль иеленді, деп хабарлады ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен.
66 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан Қостанай облысына қарасты Қарабалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі 14 жастағы Надежда Рябец жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Ол финалдық кездесуде азулы қарсыласы американдық Кайли Холлды қапы қалдырды. Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір алтынды жастар арасында 54 келі салмақ санатында жұдырықтасқан Алматы облысының тумасы Балауса Мұздыман салды. 18 жастағы қазақ қызы Еуропа чемпионы атанған итальяндық Кончетта Марчезеден басым түсті.