Қазақстанның 2 облысында халық санағы жаңа әдіспен өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бурабай және Аягөз аудандарында қанатқақты режимде халық санағы жүргізілді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде мемлекеттік статистика тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақмола облысының Бурабай ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында пилоттық режимде халық санағы жүргізілді. Бұл санақ кезінде онлайн тәртіпте интернет желісін пайдалану және планшет арқылы сауалнама жүргізу әдісі іске қосылды», - деді Н. Айдапкелов.
Осы қанатқақты тәртіпте өткен санақ қорытындысы бойынша талдау есебі дайындалып, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесіне жіберілді. Бұл тұрғыда халықтың саны, некелік жағдай, білім мен жұмыспен қамтылу деңгейі, көші-қон бойынша кесте жасалды.
Айта кетейік, жалпыұлттық халық санағы 2020 жылы өткізіледі.Осы жұмыстарды жүргізуге шамамен 9 млрд теңге жұмсалуы ықтимал.
Жаңа әдіс бойынша санақ кезінде қағаз жұмыстарына шектеу қойылады. Мәліметтерді қағазға түсіру толықтай тоқтатылмақ, яғни барлығы планшеттермен жүргізіледі.
Белгілі болғандай, халық санағына 30 мыңға тарта интервьюер жұмылдырылады.