Қазақстанның 2013 жылғы үздік шахматшылары марапатталды
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан шахмат федерациясының кезектен тыс съезінде еліміздің 2013 жылғы үздік шахматшылары марапатталды. Марапаттау рәсіміне Халықаралық шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжинов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев қатысты.
«Қазіргі уақытта Қазақстан шахматы федерация съезі бекіткен бағдарлама аясында барынша қарқынды әрі тұрақты дамып келе жатыр. Біз ағымдағы жылы балалар және кәсіби шахмат саласында жоспарланған іс-шараларды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Алдымыздағы ең басты шара - бұл Норвегияда өтетін Бүкіләлемдік олимпиадаға қатысу, онда лайықты өнер көрсетеміз деп сенемін»,- деді Ә.Исекешев марапаттау рәсімі барысында. Сонымен өткен жылдың үздік шахматшылары қатарынан көрінген Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Жанат Сайын, Динара Садуақасова, Әмина Қайырбекова, Ринат Жұмабаевтар дипломмен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.