Қазақстанның 3 облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жабылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында ауа райының қолайсыздығы салдарынан республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлады «Қазавтожол» РМК баспасөз қызметі.
Бүгін, 24 наурызда Қостанай облысында сағат 15.00-де ауа райының нашарлауына байланысты (боран, жолдың көрінбеуі) «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» (108-232 шақырым) автожолында, Әулиекөл кентінен Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаскеде жүк және қоғамдық көліктер үшін жол қозғалысы шектелді.
Сағат 18.00-де ауа райының нашарлауына байланысты (боран, жолдың көрінбеуі) «Мамлютка-Қостанай (180-243 шақырым), СҚО шекарасынан Ұзынкөл кентіне дейін, «Екатеринбург-Алматы» (686-729 шақырым), Сарыкөл кентінен СҚО шекарасына дейінгі учаскеде көліктің барлық түрлері үшін жол жабылды.
СҚО-да сағат 17.00-де ауа райының нашарлауына байланысты (қар, боран, жолдың көрінбеуі) барлық бағыт бойынша көліктің барлық түрлері үшін жол жабылды.
Бұдан басқа, Ақтөбе облысында 219 шақырымында жол үстінен ені 50-60 м, биіктігі 1 м болатын қар суы ағып жатуына байланысты «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автожолының 200-220 шақырымы аралығында, яғни Мөңке би ауылынан Қайдауыл кентіне дейін көліктің барлық түріне жол қозғалысы шектелді.