Қазақстанның 3 облысында күн суытады - 26 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - 26 қыркүйекте атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты республиканың батысында ауа райы тұрақсыз болады деп күтілуде, кей жерлерде жаңбыр жауып, жел күшейеді.
Қазақстанның қалған аумақтарында ауа райы жауын-шашынсыз болады, деп хабарлады Қазгидрометке сілтеме жасай отырып, ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметі.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, түнде Оңтүстік Қазақстан, күндіз Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарында жекелеген жерлерде 15-22 м/с жылдамдықпен жел соғады.
Алматы облысында Алакөл өзенінің ауданында 17-22 м/с жылдамдықпен жел соғады, желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.
Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында күн райы кей жерлерде 0-3 градусқа дейін суытады.
Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысында төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.
Алдағы тәуліктерде Қызылорда облысының аумағындағы Сырдария өзенінде Шардара су қоймасынан болатын толқындардың есебінен су деңгейінің ауытқушылығы байқалады.