Қазақстанның 7 министрлігі «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында сектораралық келісімге қол қойды
АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының 7 министрлігінің басшылары 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыру мақсатында сектораралық Келісімге қол қойды.
Халық денсаулығын сақтап, нығайтуды көздейтін «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру туралы Келісімге Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Ішкі істер вице-министрі Амантай Құранбеков және Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қол қойды.
С.Қайырбекова атап көрсеткендей, Мемлекеттік бағдарлама бұл тек бір ғана ведомствоға жүктелген құжат емес. Ол - қоғам денсаулығын қорғау мәселелері бойынша барлық секторларды тарта отырып бірыңғай ұлттық саясатты әзірлеуді көздейтін бағдарлама. Онымен бірге, шылым шегу, дұрыс тамақтанбау сынды факторлар алдында медициналықтан гөрі, медициналық емес салалар қауқарлы.
«Бағдарламаны бірнеше бағыт бойынша жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың арасында аурудың алдын алу, санитарлық- эпидемиологиялық қызметті жақсарту, дәрі-дәрмектерге қол жетімділік пен олардың сапасын арттыру, инновация мәселелері мен медициналық білім беруді жетілдіру бар. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жұмысқа тек мемлекеттік органдарды ғана емес, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдарды да белсенді тартатын болады», - деп атап өтті министр.
Өз кезегінде В.Божко, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жұмыла жүзеге асыру нәтижесінде 2013 жылға қарай жол-көлік апаттарында өлім-жітім саны 10 пайызға, 2015 жылға қарай 14 пайызға азаятындығын айтты. Сол сияқты жол апаттарында жарақаттануды 2013 жылға дейін - 8, ал 2015 жылға дейін - 10 пайызға азайту көзделіп отыр. Ал шұғыл апаттық-медициналық көмек көрсету аймағындағы автожолдарда мертігу 2013 жылға дейін - 23, ал 2015-ке қарай 16 пайызға азаятын болады.
Ал Білім министрі Б.Жұмағұлов, мектеп жасындағы балалардың денсаулығына, олардың тамақтануы мен спортпен шұғылдануына, әртүрлі түйіткілдерге психологиялық тұрғыда төтеп беру иммунитеттерінің қалыптасуына баса назар аудару қажет деп санайтындығын білдірді.