Қазақстанның 7 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 мамырда Қазақстанның 7 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасап.

Қазақстанның 7 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Ертең, 23 мамырда Астана қаласында және бірқатар өңірде күшті жел соғуына байланысты ескерту жарияланды.

23 мамырда Ақмола облысында түнде солтүстіктен, сотүстік-батыстан күшті жел соғады, көптеген аудандарда желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге, екпіні 23-28 м/с-қа жетеді. Ал күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с аралығында болады.

23 мамыр күні Жамбыл облысында күндіз құйынды дауыл соғады, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Жел солтүстік-батыстан, артынша солтүстік-шығыстан соғады. Таңертең және күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Кей жерлерде тұман түседі. Тараз қаласында 23 мамырда күндіз құйынды дауыл соғады, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Жел солтүстік-батыстан, артынша солтүстік-шығыстан соғады. Таңертең және күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.

Шығыс Қазақстан облысында 23 мамыр күні күндіз жаңбыр жауып, кей жерлерде күшейе түседі, бұршақ жаууы мүмкін. Кейбір аудандарда найзағай ойнап, дауыл соғады. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Өскеменде:23 мамыр күні жаңбыр жауады, найзағай ойнауы мүмкін, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысында 23 мамыр күні желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Түнде кей жерлерде найзағай ойнауы ықтимал. Петропавлда: 23 мамыр күні желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге, екпіні 25 м/с-болады.

Алматы облысында 23 мамыр күні найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Жел алдымен оңтүстік-шығыстан, кейіннен солтүстік-батысқа ауысады, желдің жылдамдығы - 18-23 м/с. Талдықорғанда 23 мамырда найзағай жарқылдайды. Жел алдымен оңтүстік-шығыстан, кейіннен солтүстік-батыстан 18-23 м/с жылдамдықпен соғады.

23 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облысында жел алдымен оңтүстік-батыстан соқса, кейіннен солтүстік-шығысқа ауысады, желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Шаңды дауыл тұруы мүмкін.

Бұдан бұрын Қызылорда облысында 22-24 мамыр күндері желдің солтүстік-шығыстан 15-20 м/с жылдамдықпен соғуына, шаңды құйынды дауыл болуына байланысты ескерту жарияланған болатын.