13:07, 19 Сәуір 2014 | GMT +5
Қазақстанның 7 өзенінде су тапшылығы орын алуы ықтимал
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 7 өзенінде су тапшылығы орын алуы ықтимал. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.
«Болжам бойынша, болашақта бізде 8 өзен бассейінінің 7-еуінде су тапшылығы туындауы мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, Ертістен басқа өзендерде, атап айтқанда Жайық, Іле, Тобыл, Нұра, Сарысу, Есіл өзендерінде су тапшылығы орын алуы ықтимал», - деді ол.
Бұл ретте вице-миинстрдің атап өтуінше, Елбасы Жарлығымен бекітілген Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты қолданыстағы су шығындарын қысқарту болып отыр.
«Бізде тек ауыл шаруашылығының өзінде ғана 60 пайыздай су жоғалады. Ал шетелде бұл көрсеткіш өте төмен. Сол себепті, осы бағдарлама аясында жаңа технологияларды қолдау арқылы біз бұл мәселені шешуге мүмкіншілік аламыз», - деді Е.Нысанбаев.