Қазақстанның 79 су айдындарынан 95,3 км ау жиналды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен Қазақстанда кең ауқымды «Аулардан таза – су айдындары» атты экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.
Акцияға еліміздің әр өңірінен 5 100-ден аса мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, табиғат қолданушылардың, экологиялық ұйымдардың өкілдері мен еріктілер қатысты.
Қатысушылар 79 су айдындары мен учаскелерден 95,3 км синтетикалық тор мен жағалаулардан 121 тонна қоқыс жинады.
431 суда жүзу құралдары 61 685 га ауданда өзен мен көлдерді тазалап, су түбіндегі ауларды жинау үшін сүңгуірлер жұмылдырылды.
Акцияның басты мақсаты – су айдындарды тасталған және заңсыз қойылған аулардан тазалап, қоғамның назарын өзен мен көлдердің ластану мәселесіне аударып, балық ресурстарын сақтау.
Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтауға арналған бұндай экологиялық шара әлі өз жалғасын табады.