Қазақстанның 8 облысында «жасыл» технологиялар саласында 14 жоба жүзеге асырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 8 облысында «жасыл» технологиялар саласында 14 жоба жүзеге асырылады.

Қазақстанның 8 облысында «жасыл» технологиялар саласында 14 жоба жүзеге асырылады

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы Салтанат Рахымбекова мәлім етті.

«Еуропалық экономикалық комиссиясы Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары арасында байқау өткізді. Аталмыш байқауда 8 облыс пен Астанадан 14 жоба жеңімпаз деп танылды»-, дейді С.Рахымбекова.

Мәселен, оның сөзіне қарағанда, Маңғыстау облысында суық су жеткізу жүйесін орнату бойынша жоба қолға алынады. Соның арқасында өңірдегі 500 үй ауызсумен қамтылады.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында күн коллекторлары орнатылмақ. Қызылорда облысында 8 мектепке ішетін суды тазарту жүйесі орнатылады деп жоспарланған.

«Алматы облысында балық шаруашылығына қатысты жоба жүзеге асады. Қостанай облысында Оңалту орталықтарында су үнемдегіш және энерготиімді технологиялардың негізінде жылыжайлар салынады», - дейді ол.

Ал Қарағанды облысында табиғи бұлақ көздері қайта тазартылып, шалғай ауылдарда бақша шаруашылығын сумен қамту бойынша жоба іске асырылады деп күтілуде.

ОҚО-да су қысымы мұнарасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін күн және жел қондырғылары орнатылады. Соның арқасында 180 үйге ауызсу тартылады.