Қазақстанның 8 университеті QS World University Rankings by Subject рейтингіне енді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі 8 жоғары оқу орны QS World University Rankings by Subject 2023 ‒ әлемнің үздік университеттерінің пәндік рейтингіне енді. Нәтиже 22 наурызда жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тізімге Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Сүлеймен Демирел университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті енді.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының тағы бір жетістігі – бес пәнді қамтитын салалық рейтингіге қатысуы болды. Олар: өнер және гуманитарлық ғылымдар, инженерлік ғылымдар мен технологиялар, өмір туралы ғылымдар және медицина, жаратылыстану ғылымдары, қоғамдық ғылымдар және менеджмент. Отандық университеттер осы бес салалық рейтингінің төртеуіне кіріп, ондағы өз позицияларының санын 10-ға дейін арттырды.

Төрт қазақстандық ЖОО әлемнің алдыңғы қатардағы 100 жоғары оқу орны тізіміне еніп, үздік нәтижелер көрсетті.

Бірінші жүздікке ЕҰУ-ның 3 пәні кірді - «Заманауи тілдер» 88-позиция, «Лингвистика» 94-орын және «Қонақжайлылық және демалысты басқару» пәні бойынша университет былтырғы позициясын 51-100 аралығында ұстап қалды.

Одан кейін «Заманауи тілдер» пәні бойынша 76-орында орналасқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұр.

Қазақ ұлттық педагогика университеті «Білім беру және оқыту» бойынша топ-100 пәндік рейтингінің 76-позициясына орналасты.

Сонымен қатар ҚазҰПУ «Ағылшын тілі мен әдебиеті» бойынша пәндік рейтингіге қайта оралып, онда 95-орынды иеленді.

Satbayev University академиялық бедел көрсеткішін айтарлықтай жақсартудың арқасында «Мұнай және газ саласындағы инженерлік мамандықтар» бойынша 51-100 позициялар диапазонында орналасқан: жоғары оқу орны барлық пәндік рейтингтерде академиялық беделдің өсу қарқыны бойынша әлемде екінші орынды көрсетті.

Айта кетейік, QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігінің пәндік рейтингілері – жоғары оқу орындарының 15 700-ден астам білім беру бағдарламасы бойынша тәуелсіз салыстырмалы талдау. Олар бойынша әлемнің 93 елінде 1594 университеттің студенттері 54 пән және 5 кең пәндік санат бойынша білім алады.


Соңғы жаңалықтар
telegram