Қазақстанның 9 және одан жоғары баллдық сейсмикалық өте қауіпті аудандарында 1,6 миллион адам тұрып жатыр
ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанның 9 және одан жоғары баллдық сейсмикалық өте қауіпті аудандарында 1,6 миллион адам тұрып жатыр.
Бұл туралы бүгін ҚР Құрылыс істері және ТКШ жөніндегі агенттік ұйымдастырған «2011-2013 жылдарға арналған ҚР аумағын ұйымдастырудың бас кестесін әзірлеу барысы» туралы семинар-кеңесте Қазақ сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименттік институты Астана филиалының директоры Тұрлыбек Мұсабаев мәлім етті.
ҚР аумағын ұйымдастырудың бас кестесін кешенді әзірлеудің бастапқы кезеңінің қорытындысын таныстырған ол: «Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аумақтарының айтарлықтай басым бөлігін, 450 шаршы шақырым аумағын 7 және одан да жоғары баллдық сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақ алып жатыр. Бұл аймақтарда шамамен 7 миллион адам өмір сүруде. Сонымен қатар 9 және одан жоғары баллдық сейсмикалық өте қауіпті аудандарда 19 қала орналасқан. Оның ішінде Алматы қаласы да бар. Оларда 1,6 миллион адам тұрып жатыр», - деді.
Жалпы оның айтуынша, еліміздің аумақтық дамуының ықтимал векторларын анықтау барысында елдер деңгейіндегі аумақтарды ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесіне талдау жасалған. Сонымен қатар оның одан әрі даму бағыттарын таңдауға мүмкіндік беретін Қазақстан аумағын ұйымдастырудың ішкі ерекшеліктері де зерделенген.