Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде кредиттік серіктестіктер қауымдастығы құрылды
АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде - Кредиттік серіктестіктер қауымдастығы қоғамдық ұйымы құрылды.
Оның болашақтағы мақсаты - қазіргі күні еліміздің ауыл аймағында жұмыс жасап жатқан кредиттік ұйымдардың басын біріктіру, деп хабарлады «Аграрлық несие коропрациясы» АҚ баспасөз қызметі.
Қауымдастық құру туралы шешім «ҚазАгро» ұлттық компаниясының еншілес компаниясы - «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ұйымдастырған кредиттік серіктестіктердің жалпы отырысында қабылданды.
Жиынға Корпорацияның әріптесі болып табылатын 124 Кредиттік серіктестік төрағалары қатысты. Бұдан өзге, ауылдағы шаруашылықтарға несие беру мәселесімен бірге, Қауымдастық құру туралы мәселені талқылауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Төлеген Ибраев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияев, «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Дулат Айтжановтар қатысты.
Атап өту керек, қазіргі күні еліміздің ауыл аймағында жұмыс жасап жатқан кредиттік серіктестіктер кезінде Корпорацияның белсенді қолдауымен құрылған болатын. Оның көмегімен 2001 жылдан 2013 жылдарға дейінгі мерзім аралығында еліміздің 13 облысындағы 160 ауданда 163 кредиттік серіктестік құрылды. Бұл Қазақстандағы ауылдық аумақтың 90,4%-ын қамтиды (республика аумағында 177 әкімшілік аудан, оның ішінде 22 қала маңындағы ауылдық аумақ бар). 2013 жылғы қаңтардың 1-і күнгі мәлімет бойынша, Кредиттік серіктестіктер құрамына 8 114 ауылшаруашылық құрылымы, оның ішінде 82%-ы - шаруа қожалықтары, 10%-ы - ЖШС, 8 %-ы - өзге де ұйымдар (АҚ, ЖК.). 2001-2012 жылдар аралығында кредиттік серіктестіктерді несиелеу үшін бюджеттен - 46 926,9 млн.теңге бөлініп, толық игерілді. 2001-2012 жылдар аралығында еліміздегі 161 кредиттік серіктестікке жалпы сомасы 98 627,7 млн. теңгенің кредиттік қаржысы берілді. Өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» Атырау, Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында тағы да жаңа 8 кредиттік серіктестіктерді құру ісін мақұлдады.
Жиынға қатысқан кредиттік серіктестік төрағаларының ортақ пікірінше, бұл құрылымды құру ісі олардың ортақ мүдделерін республикалық деңгейде қорғауға, сонымен бірге республикадағы кредиттік серіктестіктер жұмысын одан әрі дамытуға және олардың жеке құрылым болып қалыптасуына, ауылдағы несиелеу жұмысын тиімді жүргізуге оң ықпалын тигізеді. Қауымдастықты құру туралы бастаманы жиынға қатысушылар бірауыздан қабылдады. Олардың дауыс беруі бойынша, көп ұпай жинаған Ақмола облысындағы «Целиноградское» Кредиттік серіктестігі ЖШС төрағасы Сағадат Әшебеков - Кредиттік Қауымдастық төрағасы болып сайланды.
Қауымдастықтың жаңа төрағасы Сағадат Қайыржанұлының айтуынша, «бұған дейін әр кередиттік серіктестік өз бетінше жұмыс жасады. Бірақ қазіргі күні біздің ортақ күшімізді бір ұйымға тоғыстыруды кезі келді, осы арқылы біз еліміздегі ауыл шаруашылығының дамуына және ауылдағы кәсіпкерлікті қаржыландырудағы мәселелерді толыққанды шешуге мүмкіндік алдық. Сондықтан біз үшін мұндай қауымдастықты құру үлкен қажеттіліктен туындап отыр».
Өз кезегінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жаңа ұйымның құрылуына қолдау танытып, оның болашақтағы жұмысына сәттілік тіледі. Корпорация өкілдерінің пікірінше, Қауымдастықтың келелі кеңесінде айтылатын ортақ шешімдер, қазақстандағы кредиттік серіктестіктердің кең ауқымды жұмысына жаңа серпін береді деген сенімде.