Қазақстанның ақпараттық технологиялары заман ағымына сай дамуы тиіс - Премьер-Министр

АСТАНА. Қыркүйектің 17-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның ақпараттық технологиялары заман ағымына сай дамуы тиіс. Бүгін елордада өткен Қазақстан ІТ-компанияларының ІІ-съезі барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.

Қазақстанның ақпараттық технологиялары заман ағымына сай дамуы тиіс -  Премьер-Министр

«Менің ойымша, алдағы 5-7 жылдың ішінде біздің үстеліміздің үстіндегі барлық темірлер қоқысқа тасталады. Бүкіл әлемде темір шығаратын зауыттардың барлығы қайта бейінделеді. Өйткені, біз бүгінгі күні жаңа өтпелі кезеңдегі техникалық революция алдында тұрмыз. Қазіргі таңда жаңадан пайдаға асып жатқан «i-Pad» секілді басқа да қолымызға түскен планшеттердің бәрі ақпараттық технологиялардың құрылымын түбірімен өзгертеді», деді К. Мәсімов.

Сонымен қатар, Премьер-Министр жиынға қатысушыларға заманға сай технологияларды бағалай білу қажеттігін айтып, олардан Үкімет пен министрлік тиісті ұсыныстар күтетінін жеткізді. «Өйткені, бүгін тауар өндірушілерге керемет жағдайлар жасағанымызбен, егер олар әлемдік өзгерістер тудырып жатқан заман ағымына сәйкес болмаса, онда біз өз өнімімізбен бір орында табжылмай қала беруіміз әбден мүмкін», деді К. Мәсімов.

Сонымен бірге, Үкімет басшысы әсіресе ақпараттық технологиялар саласында қазіргі заман ағымына сай дамудан кеш қалуға болмайтынын айтып, өндірісшілерді жаңашылдыққа ұмтылуға үндеді.

«Мен өмірімде алғаш рет компьютерді көргенім есімде, ол француздардың «PDP-11» деп аталатын техникасы болатын. Осының өзі техника ғаламаты секілді көрінуші еді. Ал қазіргі қалтада жүретін ұялы телефонның өзі қуаты жағынан, әмбебаптығы жағынан бәрін басып озады. Таяудағы бірнеше жылдарда бізді ақпараттық технологиялардың және бір төңкерісі күтіп тұр деп ойлаймын», деді К. Мәсімов.

Үкімет басшысы алдағы уақытта жаңа технологиялар тудыратын, сол саланы игеруге ұмтылатын қазақстандық компанияларға қолдау болатынын да жеткізді.