Қазақстанның әлемдік экономикалық рейтингтері жақсарып келеді

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін жақсарту мақсатында Қазақстан өзінің макроэкономикалық ортасын жақсарту жұмыстарын жүргізуде.

Қазақстанның әлемдік экономикалық рейтингтері жақсарып келеді

Менеджментті дамыту халықаралық институтының (IMD, Швейцария) ағымдағы жылдың мамыр айында жарияланған «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік бойынша шолу - 2012» рейтингінде Қазақстан 4 орынға көтеріліп отыр, деп хабарлады pm.kz сайты.

«Дүниежүзілік банктің Бизнес жүргізу бойынша рейтингінде Қазақстан ТМД-ның барлық елінен озып, 47-ші орынға көтерілді», - деп атап көрсетті Елбасы Н.Назарбаев 2011 жылы желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде.

Ал «The Global Competitiveness Report 2011-2012» есебінде келтірілген Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде Қазақстан «Макроэкономикалық тұрақтылық» факторы бойынша жағдайын жақсартып, әлемнің 142 елінің ішінен 26-шы орыннан 18-ші орынға көтерілді және Орталықазиялық өңірінде макроэкономикалық тұрақтылық бойынша көшбасшы атанды.

ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің ақпараты бойынша, «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік бойынша шолу - 2012» қорытындысы бойынша әлемнің 59 елі салыстырылған Менеджментті дамыту халықаралық институтының рейтингінде Қазақстан былтырғы көрсеткішін төрт бағамға жақсартып, 32-ші орынға көтерілді.

Қазақстандағы макроэкономикалық жағдайдың жайлылығына еліміздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері айғақ.

Экономика орнықты өсуі үшін, ҚР Үкіметі Елбасының тапсырмасына сәйкес 2011-2015 жылдары экономиканың 7 пайыз өсімін қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын мақұлдады. Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың І жартыжылдығында жалпы ішкі өнімнің өсімі 5,6 пайызды құрады.

Ұлттық жинақтар деңгейі сияқты көрсеткіш бойынша Қазақстанның жағдайы тұрақты. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде Қазақстан ұлттық жинақ көрсеткіші бойынша мығым отыр, әлемнің 142 елінің ішінде 12 орында тұр.

Ведомствоның ақпараты бойынша, Қазақстандағы жинақ нормасы 2011 жылы жалпы ішкі өнімнің 30 пайызын шамалады және осы көрсеткіш Қазақстанға ТМД-ның бірқатар елдерінің және басқа да дамушы экономикалардың арасында көшбасшы атануға мүмкіндік берді.

Макроэкономикалық тұрақтылықты мазмұндайтын тағы бір көрсеткіш халықаралық резервтер болып табылады. Ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстанның таза халықаралық резервтері 32,3 млрд. АҚШ долларын құрады, ал жалпы резерв сомасы 86,3 млрд. долларға жетіп отыр.

Тағы бір фактор инфляция деңгейі - 2012 жылдың маусымында елімізде 5,9 пайызды құрады, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 3,4 пайыз бағамға төмен. Ел Үкіметі мен Ұлттық банк инфляция деңгейін 6-8 пайыз дәлізінде ұстау жөніндегі антиинфляциялық шаралар қабылдауда.

Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету - Қазақстан Республикасын дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының басты міндеттерінің бірі. Жайлы макроэкономикалық тұрақтылық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі шарты болып табылады. Ал орнықты экономика өз кезегінде, қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың негізін қалайды.