Қазақстанның алғашқы шаңғы экспедициясы Солтүстiк Полюске аттанбақ (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың сәуiрiнде Қазақ географиялық қоғамы Жердiң Солтүстiк Полюсiне алғашқы қазақстандық шаңғы экспедициясын бастамақ.

Қазақстанның алғашқы шаңғы экспедициясы Солтүстiк Полюске аттанбақ (ФОТО)

Саяхат Барнеодан - Солтүстiк Полюске дейiн болады деп жоспарлануда. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында өткiзiлуде. Бүгiн Астанада арнайы өткiзiлген баспасөз мәслихатында белгiлi болғанындай, қатысушылар Солтүстiк Полюске ҚР Мемлекеттiк Туы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деген байрағын, сондай-ақ БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң мүшелiгiне өту жөнiндегi Қазақстан ұсынысының символикалық туын тiкпек.

«Экспедиция шетелдерде Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбiтшiлiк және келiсiм саясаты және ядролық қаруға қарсы күреске қосып отырған үлесiн насихаттау үшiн аттанады. Дүние жүзiнiң ғылыми, мәдени және гуманитарлық кеңiстiктерiнде Қазақстан Республикасын дәрiптеп, сонымен қоса, Қазақстанның халықаралық жақсарту - басты мақсаттарының бiрi», - дейдi Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының бiрiншi орынбасары Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, топ 31 наурызға дейiн қызу дайындық жасап, Алматыдан Мәскеуге, Мәскеуден - Норвегияның Осло қаласына, одан әрi Лонгийрге аттанады. 3 сәуiрге дейiн саяхаттаушылар экспедицияның дайындығын сынап, базалық лагерде жаттығып, шатыр құрып, жабдық саймандарды тексередi. Ал 4 сәуiрде Лонгийрден Барнео мұзды аэродромына ұшып барып, сол жерден Солтүстiк Полюске дейiнгi шаңғы экспедициясын бастайды.

Барнеодан Полюске дейiн арақашықтық шамамен 200 шақырымды құрайды. Сапар 7-12 күнге дейiн созылады деп межеленуде. Жол барысында экспедиция қатысушылары мұздың жарылған жерлерiмен, мұз шоғырларынан, ал мұздақтардың арасымен өткенде арнайы киiммен және экспедициялық поляр шаналарымен жүзiп өтпек.

Жобаның ғылыми-гуманитарлық бөлiгiнде генетикалық зерттеулер жасалады деп күтiлуде.