Қазақстанның алтын-валюта қоры артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылғы тоғыз айда Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 10,2 пайызға артты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017 жылғы тоғыз айда Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 10,2 пайызға артып, 32,5 млрд долларға дейін өсті. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 56,8 млрд долларды құрады. Ал халықаралық резервтер 89,4 млрд долларды құрады. Бұл ішкі жалпы өнімнің 60 пайызына тең», - деді Данияр Ақышев.
Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы еліміздің ақша және валюта нарықтарындағы ахуалға да тоқталды.
«9 қазандағы шешім бойынша базалық ставка 10,25 пайыз деңгейінде сақталды. Ұлттық банк үшін нарықтағы ставкалардың нысаналы мәні TONIA индикаторы болып табылады. Ол нысан дәліздің төменгі шегіне жақын қалыптасады. Қыркүйекте ол төменгі шектен төмен түсті. Бұл автоматты РЕПО секторындағы теңгелік өтімділік ұсынысының өсуіне байланысты болды. 22 қыркүйектен бастап TONIA индикаторы базалық ставка дәлізі шегінде сақталуда», - деді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық банктің ақша нарығындағы операциялары артық теңгелік өтімділікті алуға бағытталған. ҰБ операцияларының сальдосы қыркүйектің соңында 1,5 трлн теңге болды.
«Қысқа мерзімді ноттар негізгі құрал болып табылады. Қыркүйектің соңында айналыстағы ноттар көлемі 2,7 трлн теңге болды. Ноттар бойынша кірістіліктің шұғыл болуына байланысты 8,84-9,66 пайыз аралығында қалыптасуда», - деді ол.