Қазақстанның әрбір аймағының атауы қайдан шыққанын зерттеу керек - Президент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның киелі жерлері жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бағдарламада «Туған жер» жобасы қамтылған. Егер де біз Қазақстанның әрбір сай-саласының, тауының, жолының, өзендері мен көлдерінің атаулары қайдан шыққанын зерттеп жазатын болсақ, онда қазақтың тарихы ешқашан өшпейді. Отанын сүю деген кезде ең алдымен адамның ойына ата-анасы, туған жері келеді. Біз қанша жасқа келсек те, балалық шақтағы кездер, сол уақытта жүрген жерлер көз алдыңнан кетпейді және көңілге жылылық ұялатады. Сондықтан «Туған жер» сияқты жобаларға немқұрайлы қарамау керек. Туған жердің топырағы, әрбір өсімдігі, жан-жануар дүниесі біз үшін өте қымбат. Отанды, елді сүю осыдан басталады. Сондықтан жас ұрпақты осындай жағдайда тәрбиелесек деп ойлаймын. Қазіргі кезде бұл жұмыстар барлық жерде жүргізіліп жатыр»,-деп тоқталды Президент.
Бұдан бөлек Елбасы Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасына тоқтала келе, осы ретте еліміз аумағында дүниежүзіне көрсетін киелі жерлер баршылық екенін атап өтті. Бұл бағыттағы қадамдар туризмді дамытуға айрықша үлесін қосады.
Н. Назарбаев осы күнге дейін Қазақстанның барлық түкпірінде, атап айтқанда өңірлердегі аудандар мен ауылдарда болғанын еске салды.
Сондай-ақ Президент әлемдегі көрікті жерлерді аралап шыққанын айта келе, «Мен қазір демалысқа ешқайда барғым келмейді. Қазір Бурабайда отырмыз. Бұндай керемет жерді кездестіре бермейсің, яғни табиғаты сақталған әдемі жер. Тауы да, көлі де бар. Дәл осындай орындар Шығыс Қазақстанда бар, адамның аяғы баспаған жерлер кездеседі. Алатаудың баурайы өз алдында бөлек»,-деді.
«Сондықтан біздің киелі жерлеріміз бойынша қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл өте керек, себебі осының барлығы отансүйгіштікке, өз Отанын білуге қажет»,-деді Мемлекет басшысы.