Қазақстанның әрбір азаматы ел Конституциясын білуге, сыйлауға міндетті - С. Тұрсынов
СТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақ гуманитарлық-заң университетінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері университет студенттерімен және ұстаздарымен ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған кездесу өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиында комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов университет студенттері алдында Конституцияның негізгі міндеті мен маңызына қатысты баяндама жасады. Сондай-ақ комиссия мүшелерінің адам құқықтары саласында дайындалған еңбектері мен баяндамалар жинағын табыс етті.
«Конституцияны қабылдау арқылы Қазақстан экономикалық-саяси бостандығына қол жеткізіп, осы егемендік жылдары ішінде елімізде бейбітшілік пен түсіністік орнап келді. Ұлтымыздың көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жасақтаған Конституциялық моделіміздің дұрыстығын тағы бір дәлелдей түсті», дейді С.Тұрсынов.
Кездесу барысында комиссия мүшелігіне кіретін Жоғарғы сот судьялары, Парламент депутаттары, халықаралық ұйым өкілдері баяндама жасап, ел Конституциясының негізгі қағидаттарына кең түсініктеме берді.
«Өзін сыйлай білетін әрбір азамат, соның ішінде студент, оның әлеуметтік дәрежесіне, әл-ауқатына қарамастан, Конституцияны білуге, сыйлауға міндетті. Мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдары үшін Конституция әрдайым алдында тұратын кітапқа айналуы шарт», деп атап көрсетті комиссия төрағасы.
Заң факультетінде тәлім алатын бірнеше студент адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктерін жалпыға танылған әлемдік стандарттарға сәйкес жетілдіру, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, адамның конституциялық құқықтарын сотта және соттан тыс институттарда қорғаудың өзекті мәселелеріне арналған тақырыптар бойынша баяндамалар жасады.