Қазақстанның ардагерлер және әскери-патриоттық бірлестіктері Елбасының президенттік өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдайды

АТЫ. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанның ардагерлер және әскери-патриоттық бірлестіктері Елбасы Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі ынталы топтың бастамасын қолдайды.

Қазақстанның ардагерлер және әскери-патриоттық бірлестіктері Елбасының президенттік өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдайды

Бұл туралы кеше Алматыда «Нұр Отан» ХДП филиалында өткен партия жанындағы ардагерлер және әскери-патриоттық бірлестіктері қоғамдық кеңесінің кезектен тыс отырысы барысында айтылды. Партия мүшелері, мемлекет және саяси қайраткерлер, Ұлы Отан соғысы мен жауынгер-интернационалистерінің ардагерлер қоғамдық ұйымдарының басшылары, Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысушылары бас қосқан отырыс барысында Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін ұзарту жөніндегі бастамаға бірауыздан қолдау білдірілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылғы желтоқсанның 22-23 күндері Астана қаласында Қазақстанның ардагерлер және әскери-патриоттық бірлестіктерінің Республикалық форумы өтіп, онда «Нұр Отан» ХДП жанынан осы аталған кеңес құрылған болатын. Кеңестің қызметі азаматтардың бойында патриотизм, өз елінің мәдениетін, тарихын, дәстүрін құрметтеуді қалыптастырып, жастар мен өскелең ұрпақты Отанын сүю және оны қорғауда тәрбиелеу мақсатында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы мен ардагерлердің қоғамдық ұйымдарын біріктіріп, нығайтуға, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысы және жергілікті жанжалдардың қатысушылары, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушыларының мемлекеттік қолдау деңгейін көтеруге бағытталған.