Қазақстанның ардагерлері президенттік сайлаудың қорытындысын толығымен қолдайды

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстан ардагерлерінің орталық кеңесі президенттік сайлаудың қорытындысын толығымен қолдайды.

Қазақстанның ардагерлері президенттік сайлаудың қорытындысын толығымен қолдайды

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымдары» қоғамдық ұйымының Орталық кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов осындай мәлімдеме жасады.

«Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық өмірі Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты. Осы уақыттың ішінде ол сындарлы 90-жылдардың басында болған қиыншылықтарға қарамастан, өз халқын дамудың даңғыл жолына шығара білді. Кеңес Одағы ыдыраған жылдары барлық мемлекеттерде өндірістік орындар тоқтап, азық-түлік пен электрэнергия тапшылығы орын алды. Бұрынғы одақтас елдерде ұлтаралық шиеленістер өршіп, жаппай тұрақсыздық орнады. Міне, осындай сындарлы уақытта Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешімдер қабылдап, Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық тығырықтан шығара білді. Біз, еліміздің аға буын өкілдері, Қазақстан атты ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімді бағалаймыз. Ол үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа шын ризашылығымызды білдіреміз. Біз Н.Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтай отырып, біздің ұйымға мүше 1 млн. 700 мың жанның атынан президенттік сайлаудың қорытындысын толығымен қолдайтынымызды жеткіземіз», - деді өз сөзінде Қ.Сүлейменов.