Қазақстанның әскери дәрігерлері Армия ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қарулы Күштеріндегі әскери медициналық қызметтер алғаш рет «Әскери медициналық эстафета» байқауында Армия халықаралық ойындарына қатысуға дайындалуда, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрілігінің баспасөз қызметі.
Өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің 5 командасынан құралған үздік 34 әскери-медициналық маман жаттығып, Құрлық әскерлері арасында «Әскери-медициналық эстафета» байқауында тартысқа түседі. Байқау шеңберінде әскери ақ желеңділер әскерлердің жауынгерлік даярлығын медициналық қамтамасыз етуде қолданып жүрген кәсіби дағдылары тексеріледі.
Эстафетаның әрбір қатысушысы кедергілер жолағынан, атыс шебінен өтеді. Сондай-ақ ұрыс алаңынан шартты жаралыларды шығару және медицина-санитарлық көмек көрсету бойынша кәсіби машықтарын көрсетеді. Мұның барлығын әскери медиктер жасай білуі тиіс. Қазіргі кезде үздіктерді, Армия халықаралық ойындары-2016 сайысында еліміздің намысын кім қорғайтынын анықтау жүргізілуде.
Жарыстың мақсаты - халықаралық әскери ынытмақтастықты нығайту, әскери қызмет пен медициналық мамандардың әскери-кәсіптік қызметінің беделін арттыру. Жеңімпаздар «Жеке шеберлік» пен «Командалық біріншілік» аталымдарында анықталады. Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар Ресей Федерациясында өтетін Армия ойындары-2016 сайысының халықаралық кезеңінде қатысуды жалғастырады.