Қазақстанның әскери қызметшілері БҰҰ медальдарымен наградталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Отан қорғаушы күні қарсаңында әскери бақылаушыларға қойылатын талаптарды мінсіз және үлгілі атқарған қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ медальдарымен наградталды.

Қазақстанның әскери қызметшілері БҰҰ медальдарымен наградталды

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы (MINURSO) референдумды өткізу кезіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бітімгершілік миссиясын орындау барысында қазақстандық офицерлер капитан Бақтияр Ақбалаев пен капитан Темірлан Мүсәпіров БҰҰ медальдарымен наградталды», -делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, 2014 жылдың шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін «ҚАЗБРИГ» қазақстандық бітімгершілік бригадасының 4 офицері Батыс Сахарадағы референдумды өткізу кезіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі БҰҰ миссиясында бақылаушылар ретінде қызмет атқаруда. Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 2 офицері ағымдағы жылдың наурызынан бастап Кот-д'Ивуардағы БҰҰ бітімгершілік миссиясында (UNOCI) әскери бақылаушы.

Сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері құрамынан БҰҰ бітімгершілік миссияларының әскери бақылаушылары ретінде 20 әскери қызметші іріктеліп, Гаитде, Батыс Сахарада, Кот-д'Ивуарда және Либерияда қызмет өткеруге даярланды.

Қазіргі уақытта Батыс Сахарадағы (MINURSO) БҰҰ бітімгерлік миссиясына «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонынан бір офицерді әскери бақылаушы ретінде жіберу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.