Қазақстанның астық экспорты артады
«Астық жөніндегі халықаралық кеңестің есебіне сәйкес, (2020 жылғы 27 тамыз) астық өндірісінің Ресейде, Канадада, Аустралияда өсуіне байланысты 2020 жылғы өнім көлемі әлемдік рекордтық деңгейде – 2,2 трлн тонна болады деп бағалануда (2019 жылы –
2,1 трлн тонна). Маусым жоғары астық қалдық қорымен – 630 млн тонна мөлшерінде аяқталады (2019 жылы – 622 млн тонна). Оның ішінде Астық жөніндегі халықаралық кеңес Қазақстанда 17,7 млн тонна көлемінде астық жиналады деп болжауда. Біздің бағалауымыз бойынша өнім 18 млн тоннаны құрайды», - деді министр Үкімет отырысында.
Сапархан Омаровтың сөзіне қарағанда, Астық жөніндегі халықаралық кеңестің бағалауы бойынша әлемде бидай өндіру көлемі 763,3 млн тоннаны (2019 жылы – 762,2 млн тонна), оның ішінде Қазақстанда 12,4 млн тоннаны (2019 жылы – 11,5 млн тонна) құрайды.
«Жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұнның негізгі жеткізілімдері дәстүрлі түрде Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолданатын болады. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға бидай (HI-Pro) жөнелтілімі артуы мүмкін», - деді Сапархан Омаров.