Қазақстанның Ата заңы мемлекеттілік қағидаттарының негізін қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық деп таниды - Е. Тоғжан
АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның Ата заңы мемлекеттілік қағидаттарының негізін қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық деп таниды. Бүгін Астанада «Конституция - демократия мен қоғам тұрақтылығының негізі» атты дөңгелек үстел жиыны барысында ҚР Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжан осылай мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп ұйымдастырған жиынға парламент депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.
«Қазақстан тарихында 1995 жылғы Конституцияны қабылдау және Қазақстан халқы Ассамблеясын құру мәңгі бақи бір-бірімен тығыз байланысты оқиғалар болып қала береді. Есте болсақ, дәл осы Ассамблеяның ең бірінші сессиясында Президент Н. Назарбаев 1995 жылғы жаңа Конституцияны қабылдау туралы мәселе көтерген болатын», деді Е. Тоғжан. Сонымен қатар, 1995 жылы қабылданған Ата заң еліміздің саяси жүйесіне түпкілікті өзгерістер инновациясын әкелгенін жеткізген Е. Тоғжан, бұл ретте билік тармақтарының бөліну жүйесі жақсара түскендігін атап өтті. «Қазіргі Ата заң тиімді қос палаталы Парламентті бекітті, заң, атқару және сот билігі арасындағы теңгерімділікті қамтамасыз етті. Жалпы, Конституцияның 98 бабының 11-і ұлтаралық қатынастарды реттеу нормаларын қамтып отыр», - деді Е. Тоғжан.