Қазақстанның атом саласының қызметкерлері кәсіптік мерекелерін атап өтуде

АЛМАТЫ.  Қыркүйектің   28-і. ҚазАқпарат -   Бүгін,  қыркүйектің 28-і күні  Қазақстанның атом саласы қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтеді.

Қазақстанның атом саласының  қызметкерлері  кәсіптік мерекелерін атап өтуде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Заңының 4-бабына сәйкес Атом саласы қызметкерлері күнін белгілеу туралы Жарлыққа 2008 жылғы 12 мамырда қол қойған болатын. Былтырдан бері бұл мереке кеңінен тойланып келеді,  деп хабарлады «ҚазАтомӨнеркәсіп»  ұлттық атом компаниясының баспасөз   қызметінен.

«Күнтізбеде жаңа мейрамның пайда болуы, Елбасының ел экономикасын және ғылыми-техникалық дамуын қамтамасыз етуде атом саласына маңызды орын бөлгенін аңғартады. Пайда болған кезінен бастап атом саласы түрлі салалардағы нағыз төңкерістік инновацияның қозғаушы күші, бастаушысы бола білді. Бүгінде біз компаниямыздың жоспарлары жүзеге асуы үшін, барлық ғаламдық шығармашылық бастамаларымыз орындалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз», - деп атап көрсетті әріптестерін төл мерекемен құттықтаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ы президенті Владимир Школьник.

Кәсіптік мереке құрметіне бір топ еңбек озаттары басшылықтың Құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ы - Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, сирек металдар металлургиясы және конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.