Қазақстанның әуе кеңістігін пайдаланушылар саны 6% өсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 8 айында Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы ұшқан ұшақтардың саны 171 845-ке жетті. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 522-ге артық. Әуе қозғалысының көлемі 5,87%-ға артқан, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері қазақстандық әуе компаниялар 66 489 рет, ал шетелдік әуе компаниялар 105 356 рет ұшқан.
Әуе қозғалысы көлемінің артуы Қазақстанға қонатын шет мемлекеттердің әуе кемелерінің чартерлік рейстерін қоспағанда, ұшудың барлық санаттары бойынша және қазақстандық әуе компаниялардың ішкі чартерлік рейстерінде де байқалады.
Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында тұрақты транзиттік ұшулар саны 76431-ге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5328-ге (+ 7.49%) артық. Шетелдік әуе компанияларының чартерлік ұшулары +18,89%-ды құрады (2017 жылы 6 621 рейстен 2018 жылы 7 872-ге дейін).
«Транзиттік қозғалыстың артуы шетелдік әуе компаниялардың тұрақты рейстерінің жиілігінің көбеюімен байланысты. Қазақстанның әуежайларына қонған шетелдік әуе компаниялардың тұрақты рейстерінің орындалу саны 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында 15 221-ге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 354-ке (+ 2.38%) артық»,-делінген хабарламада.