Қазақстанның ауыл шаруашылығында сиыр басының өсуі 14,6 пайызды құрады
АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда мал шаруашылығы құрылымын түбегейлі жаңартуға және отандық ет өнімін экспорттауға ынталандыруға бағытталған Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жобасы
жүзеге асырылуда. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында ірі қара малдың өсімі 14,6 пайызды құрады, деп хабарлады pm.kz сайты.
ҚР АШМ ақпаратына қарағанда, 2012 жылдың І жартыжылдығында Қазақстанның ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтарында ірі қара малдың өсімі - 14,6, жылқы - 17,2, түйе - 8,9, құс - 6,5 пайызға өскені байқалған. Бұл ет өндірісін 10,7, сүт өндірісін 13,5, жүн қырқуды 5,5 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жылқы басы 5, қой мен ешкі - 1, түйе 2,8 және құс 2,5 пайызға артқан.
Айта кету керек, АӨК субъектілеріне ұрғашы ірі қара мал мен асыл тұқымды бұқаларды сатып алуға несие беруді қарастыратын «Сыбаға» бағдарламасы бойынша, қаңтар-маусым айларында 39 мыңнан астам ұрғашы мал мен 2,205 асыл тұқымды бұқа сатып алынған.
«Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдары мал басын өсіру үшін 6,204 ірі қара мал әкелді. Шетелден барлығы 12 мың таза асыл тұқымды мал әкелінбекші», - делінген ведомство хабарламасында.
Жалпы, сиырдың ангус тұқымынан- 3 585 бас, симменталь тұқымынан - 1 366 бас, герефордтан - 1 090 бас, лимузин - 89 бас, обрак - 72 бас, швицкая - 2 бас мал сатып алынған. Барлық сатып алынған малдың 41,2% - АҚШ-тан, 17%- Канададан, 13,6% - Чехиядан, 9,1% - Австриядан, 6,4% - Ирландиядан, 6,3% - Ресейден, 3,7% - Даниядан, 1,3% - Украинадан, 1,2% - Франциядан, 0,2% - Австралиядан әкелінген.
Бұдан басқа, бір мезгілде 20 мың бас мал ұстауға арналған жемдеу алаңдарының желісі құрылуда. 2015 жылға дейін 150 мың орындық алаңдар желісін құру жоспарлануда. Бастамашылардың өз қаражаттары есебінен 5,3 мың орындық алаңдар желісі құрылатын болады.
Үстіміздегі жылдың І жартысында ірі қара малдың санағы аяқталды, енді уақ малдың, жылқы мен түйенің, шошқаның санағы жүргізілуде. Жыл басынан бері облыстық маңызы бар 195 мал дәрігерлік ұйымдары, ауылдық және кенттік округтердегі 2 449 мал дәрігерлік пункттер құрылуда.