Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі жазға дейін 16 мың жеңіл авто шығармақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі жазға дейін 16 мыңға жуық жеңіл авто шығарды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 42% көп.

Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі жазға дейін 16 мың жеңіл авто шығармақ

Ranking порталының мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында жалпы сомасы 114,7 млрд теңге болатын автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер шығарылған. Айта кетейік, былтыр бұл көрсеткіш 71,5 млрд теңгені құраған еді.

Жалпы 2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында 16,9 мың автокөлік шығарылған. Соның 15,7 мыңы - жеңіл автомобиль. Бұдан бөлек 404 автобус, 495 жүк көлігі, 270 тіркеме және 19 арнаулы техника бар.

Қазақстанда жасалған автокөліктердің 94%-ы екі облыстың үлесіне тура келеді. Қостанай облысы («СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауыты осында орналасқан) бір жылда өндіріс қуатын 2,1 есе арттырып, 65,5 млрд теңгенің, ал ШҚО («АзияАвто», «СемАЗ» және Daewoo Bus Kazakhstan) жылдық өсімін 32,9%-ға жеткізіп, 50,8 млрд теңгенің өнімін берген.

Автомобиль шығаратын зауыттардың арасында «АзияАвто» АҚ көш басында келеді. Ол бір жылда өндіріс қуатын 20% арттырып, 8,5 мың авто шығарған. Оның ізін ала «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС келеді. Қостанайдағы зауыт 7,5 авто шығарған (жылдық өсім - 80%).

Еске сала кетейік, «АзияАвто» АҚ мен «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС негізінен жеңіл автомобильдер шығарады.