Қазақстанның әйелдер ұйымдары альянсы бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамаға қолдауларын білдірді
АЛМАТЫ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда «Қазақстанның әйелдер ұйымдары альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде бастамаға қолдауларын білдірді.
Бұл туралы аталмыш ұйым бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Аталмыш бірлестік құрамына кіретін 18 әйелдер үкіметтік емес ұйымдары жиында еліміздегі әйелдер ұйымдары мен барлық әйелдерді республикалық ынталы топтың бастама ұсынысын қолдауға шақырды.
«Қазақстанның әйелдер ұйымдары альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Раушан Сарсембаева: «Елімізде гендерлік саясат тиімді жүргізіліп, әйел құқығын қорғау, отбасылық-демографиялық мәселелердің шешу жолдары демократиялық қоғамда өз жалғасын тауып келеді. Қоғамдық сананың кертартпалығын жеңу үрдісі де бүгінгі таңда саясаттың ықпалымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жөніндегі нақты іс-шаралар әлем бойынша да, еліміздің даму жүйесінде де дұрыс жолға қойылған. Бүгінде әйелдердің мүдделері мен құқықтарын қорғау және тағы да басқа мәселелермен ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия айналысып келеді және елімізде «2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Гендерлік теңдік стратегиясы» мен «Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы» заңы жұмыс істеп жатыр. Елбасы әрқашан біздерді, әйелдер ұйымдарын қолдайды және қолдап келеді. Ел Президенті әйел рөлінің артуына көңіл бөліп, гендерлік саясатқа ерекше назар аударады. Біз еліміздегі шынымен де бірегей ұлт Көшбасшысы деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты білеміз», - деді.
Ол сонымен қатар Қазақстанда әйел азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына және мемлекетті бақару істеріне қатысуына барлық жағдай жасалғандығын атап өтті.
«Қазақстанның әйелдер ұйымдары альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі болып табылады. Оған елдің 18 әйелдер үкіметтік емес ұйымдары енген.