Қазақстанның Азаматтық альянсы мемлекеттiк органдардың бiрқатар функцияларын үкiметтiк емес ұйымдарға жүктеудi ұсынуда
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанның Азаматтық альянсы мемлекеттiк органдардың бiрқатар функцияларын үкiметтiк емес ұйымдарға жүктеудi ұсынуда. Бұл туралы бүгiн Қазақстанның Азаматтық альянсы ұйымының басшысы Нұрлан Ерiмбетов ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында мәлiм еттi.
"Iшкi iстер министрлiгi қоғамдық қауiпсiздiктi сақтауы, қылмыскерлердi ұстауы тиiс. Ал қылмыстың алдын алу, балалармен жұмыс, қылмысқа баруы мүмкiн тұлғалармен жұмыс, салауатты өмiр салтын насихаттау азаматтық қоғамның функциясына берiлуi тиiс. Осындай маңызды жұмыстар әрбiр салада да бар және ол қызметтi қоғамдық ұйымдар атқаруы қажет деп есептеймiн. Министрлiктердiң қолдары жете бермейтiн мiндеттердi бiзге берiңiздер. Бiз онымен айналысатын адамдарды да, әдiстердi де табамыз", - деп атап өттi Н.Ерiмбетов.
Оның айтуынша, Қазақстанның Азаматтық альянсы аталмыш сауалды жақында өтетiн Азаматтық форумда талқылайды.
"Министрлiктердiң тiкелей өздерiнiң жұмыстары мен мақсаттары бар. Бiрақ өнер болсын, спорт болсын қосымша жұмыстарды жүргiзуде бiз неге белсенділік көрсетпейміз? Азаматтық ұйымдарды халықтың өзiн-өзi қамтыған бөлiгiне неге бағыттамаймыз? Бұл - өте үлкен жұмыс", - деп түйдi сөзiн ол.
Айта кетейiк, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» еліміздің барлық өңірінде 1000-ға жуық ҮЕҰ басын қосып отырған ірі үкіметтік емес ұйым болып табылады.