Қазақстанның Азаматтық альянсы үздік әлеуметтік жобалар үшін «Таным» сыйлығын алуға байқау жариялады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Таным» сыйлығын алуға байқау екі жылда бір рет өтетін Азаматтық форум шеңберінде ұйымдастырылып отырады. Кезекті IV форум биыл Елбасының қатысуымен алдағы қазан айында өтеді.
«Байқауды өткізудегі басты идея Қазақстанның әлеуметтік және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқаны үшін үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшыларын, бизнес өкілдерін, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын марапаттау болып табылады», - деп атап өтті «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ-ның президенті - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева.
Байқау 15 аталым бойынша әлеуметтік жобалар ісіндегі үздіктерді анықтайтын болады. Олар - адам құқығы, балалар біздің болашағымыз; мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғаммен ықпалдастыру; бюджеттік процестерге қоғамның қатысуы; әртүрлі, бірақ тең (гендерлік саясат); ауылдағы азаматтық ынта; дені сау ұлт - гүлденген Қазақстан; таза ғаламшар; аға буынға күтім; белсенді жас ұрпақ - Қазақстанның болашағы; әлеуметтік жауапкершілігі мол бизнес - бәсекеге қабілетті бизнес; ҮЕҰ-мен тиімді серіктестік үшін; азаматтық қоғамды дамыту тақырыбын ақпараттандырған ең үздік БАҚ; белсенді азаматтық ұстанымдарды қалыптастырғаны үшін және ашықтық пен қол жетімдік үшін (мемлекеттік органдар арасында).
Қатысу үшін өтінімдер алдағы қыркүйектің 20-сына дейін қабылданады. Үміткерлер ҮЕҰ-ның беделді көшбасшыларынан, Парламент депутаттарынан, сондай-ақ бизнес, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерінен тұратын байқау комиссиясымен алдын-ала іріктелгеннен кейін байқауға қатыстырылады. Байқауға жеке тұлғалар, ұжымдар, ҮЕҰ, БАҚ, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар және кәсіпорындар қатыса алады.
Жеңімпаздар IV Азаматтық форум барысында анықталып, марапатталатын болады.