Қазақстанның Әзірбайжан Республикасындағы Елшілігі ҚР Конституциясының 15 жылдығына және Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған баспасөз мәслихатын өткізді
БАКУ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Кеше Бакудегі «AYF Palace» отелінің мәслихат залында Қазақстанның Әзірбайжан Республикасындағы Елшілігі ҚР Конституциясының 15 жылдығына және Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Серік Пірімбетов Ата заңымыздың 1995 жылы тамыздың 30-ында жалпыхалықтық референдумда қабылдану тарихы туралы әңгімелеп берді.
Елші өз сөзінде атап көрсеткендей, Конституцияның негізінде өмірдің барлық саласында іргелі реформалар жүргізілгенін және бүгінде Қазақстанның посткеңестік кеңістіктегі көшбасшы елдердің бірі екенін, сондай-ақ оның жоғарғы құндылықтары адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрып жатқанын атап көрсетті.
Дипломат сонымен бірге, республикамыздағы маңызды конституциялық орган - Қазақстан халқының Ассамблеясы жұмыс істейтінін атап көрсетті. «Мемлекетіміз тілдерді, мәдениетті өркендету, қазақстандық отансүйгіштікке баулу, ұлтаралық келісімді нығайту жөніндегі жұмыстар жүргізіп отыр», деді дипломат өз сөзінде.
Елші өз сөзінде сондай-ақ, ағымдағы жылы тамыздың 29-ында тұңғыш рет әлем қоғамдастығы, Қазақстанның бастамашылығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы белгілеген Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күнін атап өткенін айтып өтті.
Қазақстан өзінің ядролық арсеналынан бас тартып, қауіпсіздіктің маңыздылығы - ядролық арсеналда емес, бейбітсүйгіш сыртқы саясатта, ішкі тұрақтылықта, елдің орнықты экономикалық және саяси дамуында екенін әлемге паш етті, деп атап көрсеткен елші С.Пірімбетов «Ядролық қарудан өз еркімен бас тартып және толық қарусызданып үлгі көрсеткен Қазақстан мен оның басшысы ядролық қару-жарақтан таза әлем құру және қару-жарақты жаһандық таратпау режимінің белсенді қатысушылары болып қалуда», деп түйіндеді өз сөзін.