Қазақстанның БАҚ туралы заңнамасы халықаралық талапқа сай - Жоғары сарапшылар кеңесі

Кеңес барысында Қазақстан криминологтар қауымдастығы «БАҚ-ның халықаралық стандарттары және ұлттық заңдылықтар» атты баяндама ұсынды.
Қазақстанның криминологтар қауымдастығының президенті, Д.Қонаев атындағы университеттің ректоры Ө.Қопабаевтың айтуынша, жобаның мақсаты - БАҚ туралы заңды құқықтық көзқарас тұрғысынан сараптау. «Қазақстандық БАҚ туралы заң актлерін толықтай сараптан өткіздік. Біз осы негізде заң шығарушы органдарға БАҚ туралы заңды жетілдіру туралы ұсыныс жасайтын боламыз»,- деді Ө.Қопабаев. Кеңес барысында жоғары деңгейдегі сарапшылар БАҚ туралы заң және сараптама туралы өз ұсыныстарын білдірді.
ҚР Конститутциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Роговтың айтуынша, бұндай сараптама өте қажет. «Бұл халықаралық ұйымдарға және өзімізге де қажетті таза құқықтық және ғылыми сараптама. Құқықтық көзқарас тұрғысынан БАҚ туралы ұлттық заңдылықтар халықаралық талаптарға сай, алайда құқықты қолдану тәжрибесі жетілдіруді қажет етеді. Яғни заң нормаларын тәжрибе жүзінде қолдану бағытында оң көзқарас керек»,-деді И.Рогов.
Жобаның бас сарапшысы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың сот билігі және қылмыстық үрдістер кафедрасының меңгерушісі Серікқали Тыныбековтың айтуынша, ҚР БАҚ туралы заңының кейбір пункттерінде халықаралық талаптарға сәйкестендіретін жерлері бар. «Бұл кемшіліктер сараптауда ашық көрсетілді. Оның орнын толтырып, заңды жетілдіру мүмкіндігі бар. Бұларды есептемегенде, жалпы БАҚ туралы заңдылықтар халықаралық талаптарға толықтай сай»,-дейді профессор.
Кеңеске ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаров, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель, ҚР Президенті әкімшілігінің өкілдері мен ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысты.