Қазақстанның балалары тым домаланып барады
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның әрбір бесінші оқушысы ауыр салмақтан зардап шегеді. Қазақ тағамтану академиясы мен Danone Berkut компаниясы зерттеулерінің көрсеткіші осындай ұйғарым жасауға итермелеп отыр.
Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын 50 мектептің бесінші және тоғызыншы сыныптарын зерттеу барысы анықтағандай, мәселе шын мәнінде, назар аударарлықтай жағдайға жеткен. Сауалнамаға 7500 оқушы қатысқан. Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, бүгінгі таңда оқушылардың 21,7 пайызы артық салмақтан арыла алмай отыр. Әсіресе, бұл жоғары сынып оқушыларына тән жағдай, семіздік мәселесі оларда алаңдатарлықтай. Бұл көрсеткіш жоғары сыныпта 31,8 пайызды көрсетуде. Сонда қазақстандық оқушылар не жеп, не ішеді? Мамандардың қорытындысына сенсек, білім ордасындағы оқушылар газдалған сусындар мен әртүрлі дәмдеуіш қосылған (фаст-фуд) тәттілерді жеуге әуес. Олардың 53 пайызы шоколадты батондарды, 43 пайызы фаст-фудты, 51 пайызы минералды-газды тәтті сусындарды ішуді тәуір көреді. Ал 50 пайызы дәмді соктарды ішкенді артық көреді, деп жазады aikyn.kz. Ал айран мен сүт және ағарған өнімдерді ішу көрсеткіші өте төмен. Оқушылардың 17 пайызы тұрақты түрде айран және сүт ішеді. Тек бестен бірі он күнде ғана бір реттен йогурт ішетін көрінеді. Шындығында оқушылар арасындағы артық салмақ мәселесі қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Бұл ғаламдық проблеманы шешу де оңай емес екенін мына көрсеткіштер дәлелдеп-ақ тұрғандай. Соңғы екі жылдағы мәліметтерге назар аударсақ, қазір ғаламда 42 миллион баланың салмағы тиісті мөлшерінен ауыр. Бір алаңдатарлығы, олардың 35 миллионы дамушы елдерге тиесілі болып отыр. Балалар арасында ауыр салмақ мәселесі бүгінгі таңда АҚШ билігін де қатты алаңдатуда. АҚШ-та семіздікке қарсы арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Қазір АҚШ-тағы әрбір сегізінші оқушы семіздіктің зардабын тартып отыр.