Қазақстанның банк секторы Тәжікстан нарығына қызығушылық танытып отыр – Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен бірлескен мәлімдемесінде Қазақстан кейбір цифрлық шешімдер мен ақпараттық жүйелерін Тәжікстанмен бөлісуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және сақтау бағыттарында бірлескен кәсіпорындар құрудың келешегін қарастыруға келістік. Сол уағдаластықтарды тиімді және уақтылы іске асыру үшін 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасына қол қойылды. Жаһандық тұрақсыздық аясында аталған шаралар мемлекеттеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге маңызды үлес қосады. Сонымен қатар, іскерлік байланыстар мен экономикалық кооперацияны кеңейту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау қажеттілігі атап өтілді. Осыған байланысты өңіраралық форумдар форматында екіжақты өзара іс-қимылдың басталуы ерекше маңызға ие», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін екі елдің қалалары мен аудандары арасындағы бауырластық байланыстарды дамыту туралы қол қойылғанын еске салды.
«Екі мемлекет үшін де ІТ-сектор мен қаржы саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Біздің елдің мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен ІТ-технологияларды дамытуда елеулі тәжірибесі бар. Осыған байланысты, Қазақстан Тәжікстанмен кейбір дамыған цифрлық шешімдер мен ақпараттық жүйелерді бөлісуге дайын.
Қазіргі таңда Қазақстанның банк секторы Тәжікстанның қаржы нарығына қызығушылық танытып отыр. Осы тақырыпта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз тәжікстандық серіктестерімізді аталған бағыттардың барлығы бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды елорда әуежайында қарсы алған болатын.
Бүгін Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз кезінде биыл Қазақстан Тәжікстанның негізгі сауда серіктесіне айналуы мүмкін екенін айтты.
Э.Рахмонның Астанаға сапарының аясында 9 құжатқа қол қойылды.