Қазақстанның барлық аумағында қыркүйектің 6-11-сі аралығында 6 жасқа дейінгі балаларды полиемиелитке қарсы иммундау жүргізіледі

Қазақстанның барлық аумағында қыркүйек айының 6-11-і аралығында 6 жасқа дейінгі балаларды полиемиелитке қарсы қосымша бірқайтара жаппай иммундау жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы, еліміздің Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігері Кеңес Оспанов мәлім етті.
Оның айтуынша, полиомиелитке қарсы вакциналауды ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспар бойынша дайындалуда. "6500 егу пунктерінде 4200 бригада, ал, елді мекендерден алыс жатқан жерлерде көшпелі 1200-ден аса бригада жұмыс істейтін болады. Аталмыш шараға 8400 дәрігер-фельдшерлер мен 5 700-дей вакцинаторлар тартылды. Ең тиімді саналатын вакцина Бельгия елінен сатып алынды, ол ДДҰ-мен сертификатталған. Иммундау шарасын жүргізуге Мемлекеттік бюджеттен 64 миллион қаражат бөлінді. Қыркүйек айының 11-не дейін 1 миллион 800 мың баланы егу жоспарланып отыр", деді Кеңес Оспанов. Оның айтуынша, вакциналау егу арқылы емес, дәмі тәтті сұйық затты баланың аузына тамызу арқылы жүргізіледі.
Ол сонымен қатар, иммундау жүргізу бойынша дәрігерлер арасында арнайы семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, түсіндіру, сондай-ақ дайындық жаттығу жұмыстары жүргізілгенін, БҰҰ балалар қорының қолдауымен 630 мың баспа материалдары, буклеттер мен парақшалар дайындалғанын жеткізді.
Кеңес Оспанов аса қауіпті саналатын полиомиелит мүгедектікке, өлімге соқтыратындығын ескерте отырып, барлық ата-аналарды бұл шараға жауапкершілікпен қарауға шақырды. "Жылына еліміздің шекарасы бойынша 8 миллион 100 мың шетелдіктер өтеді. Полиомиелит орын алған Тәжікстан елінен Қазақстанға 25682 адам өтті. Сондықтан бұл аурудың кіру қаупі бар", деп атап өтті ол.