Қазақстанның барлық банктеріндегі жағдай тұрақты - Қ. Келімбетов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Еліміздің барлық қаржы институттарында жағдай бірқалыпты. Бұл туралы бүгін еліміздегі бірқатар банктерге жасалған ақпараттық шабуылға байланысты Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдеді.
«Біз бүгін он банктің өкілдерімен кездестік. Әр банк қазіргі шектен тыс сұранысқа қарамастан, жеткілікті дәрежеде валюта бар екенін айтты», - деді Қ. Келімбетов.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы күндері Қазақстан тұрғындары күдікті sms-хабарларды алып, онда бірқатар банктердің банкроттығы туралы айтылған болатын.
«Бұл салымшылардың тарапынан шетелдік валютаға деген шектен тыс сұранысты тудырды. Кеше Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, Бас прокуратураға шағымданып осындай әрекеттер мен арандатушылардың жолын кесуді сұрады. Қазір құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр, сондықтан біз жуық арада мұның барлығы қалай ұйымдастырылғанын білетін боламыз», - деді ол.
Ұлттық банк төрағасы Қазақстанның барлық банктеріндегі жағдай тұрақты екенін атап өтті.
«Барлық қазақстандық банктерде жеткілікті көлемде шетелдік де валюта да, теңге де бар. Қазіргі уақытта қазақстандық банктер өздерінің кез келген салымшысы депозиттерін қайтарып алғысы келген жағдайда, бірінші сұранымда-ақ олардың талабын орындай алатындығын көрсетті. 2009 жылы да теңге бағамы өзгертілген кезде салымдар жаппай қайтарылып алынған болатын. Кейбір салымшылар басқа банктерге ауысқан, кейбірі ақшасын үйіне алып кетіп, біраз уақыт сонда сақтаған. Мұндай жағдай түрлі уақыттарда түрлі елдерде болып тұрады», - деді Қ. Келімбетов.