Қазақстанның барлық мемлекеттік аппаратының қызметіне сараптама жүргізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Барлық мемлекеттік аппараттағы басы артық бақылау қызметтерін анықтау үшін сараптама жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ендігі уақытта дәстүрге айналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі екінші республикалық кәсіпкерлер форумы өтуде. Атап өтерлігі, бірінші форумда айқындалған міндеттер орындалды. 800-ден астам жемқорлық тәуекел анықталып, мемлекеттік органдарға оларды жою бойынша ұсыныстар енгізілді. Оның негізгі бөлігі орындалып, 40-тан астам нормативтік-құқықтық актіде көрініс тапты, 12-сі бүгінде орындалды», - деді агенттік басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі екінші республикалық кәсіпкерлер форумы барысында.
Оның айтуынша, осыдан бір апта бұрын жария етілген Транспаренси Интернешнлдің жемқорлықтың аңғарылуы индексінде Қазақстан 31 балл жинап, жемқорлық жайлаған елдердің қатарына шыққан.
«Көріп отырғандарыңыздай аз жұмыс істелген жоқ. Бірақ, әлемнің қарқынды өзгеріске ұшырауы жағдайында мұнан да көп шараларды атқаруымыз керек. Өзгерістерге тез арада бейімделуге мүмкіндік беретін жаңа форматта жұмысымызды ыңғайлау өте маңызды. Бұл мемлекет үшін де, бизнес орта үшін де бірдей өзекті жаңа шындық талабы. Осыған байланысты ағымдағы жылы «Атамекен» ҰКП-мен бірге бірқатар шара жоспарланған. Оның әрқайсысын жүзеге асыру бизнеске қысымды азайтып, нақты қорғанысты қамтамасыз ететін болады»», - деді Алик Шпекбаев.
Оның пайымынша, кәсіпкерлік қызметін реттеу мәселесі еліміз үшін барынша өзекті болып келді және алдағы уақытта да бола бермек.
«Заңдар қабылданады, одан кейін толықтырылып, өзгертіледі. Ал проблемалар кей кезде шешілмей қалып жатады? Неге? Қабылданған заң қаншалықты тиімді? Бұл сұрақтарға жауап беруге Реттеушілік әсер ету сараптамасы әдісі көмектеседі. Оны қолдану біздің ағымдағы жылға арналған Жол картамыздың бес міндетінің бірі ретінде айқындалған. Бізге артық бақылау функцияларын анықтау және бизнес процестерді оңтайландыру үшін барлық мемлекеттік аппараттың қызметіне сараптама жүргізу қажет», - деді агенттік басшысы.