Қазақстанның барлық мұнай компаниялары өз шығыстарын оңтайландырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық мұнай компаниялары өз шығыстарын оңтайландырды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.
Ұ.Қарабалиннің атап өтуінше, ағымдағы жылы мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай құлдырауына байланысты теріс салдар байқалуда. Бұған қоса, еліміздегі мұнай кен орындарының басым бөлігі кен өндіруге әзірліктің соңғы сатысында тұр. Сонымен қатар мұнай бағасының төмендеуі қара алтын өндірудегі экономикалық тиімділікке де теріс әсер етуде.
«Кен орнының жұмыс қабілеттілігін сақтау, жұмыс орындары қысқарылуының алдын алу мақсатында барлық мұнай компаниялары шығыстарын, ең бірінші кезекте күрделі шығыстарын оңтайландыру жұмыстарын жүргізді. Мұнай өндіруге тікелей кедергі келтірмейтін бірқатар жобалар жақсы кезеңге дейін тоқтатылды», - деді ол.
Бірінші вице-министрдің сөзіне қарағанда, Энергетика министрлігі мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай құлдырауын ескере отырып, республика бойынша мұнай өндіру көрсеткіштерінің болжамын нақтылау бойынша сараптама жүргізген.