«Қазақстанның барлық өңірлерінде әскери мектеп-интернаттар ашу қажет» - сенатор Ақан Бижанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық өңірлерінде әскери мектеп-интернаттар ашу қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың басшылығымен және оқушыларымен кездесуде Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ақан Бижанов мәлім етті.

«Қазақстанның барлық өңірлерінде әскери мектеп-интернаттар ашу қажет» - сенатор Ақан Бижанов

Оның айтуынша, қазір Қазақстанның Қарулы Күштері жаңа технологиялармен, жаңа қару-жарақтармен жарақтанып жатыр. Ал оларды игеру үшін білімді мамандар қажет.

«Болашақ білімді мамандар осындай әскери мектеп-интернаттарда шыңдалады. Әскери білім жүйесінің негізі, базасы осындай мектептерде қаланады. Мұндай мектептерді Қазақстанның басқа өңірлерінде де ашу қажет деп ойлаймын. Сондықтан да біз бүгін осы мектеп-интернатқа келіп, оқу орнының жұмыстарымен, жағдайымен жақын таныстық. Көңіліміз толды, мұнда көп игілікті жұмыстар атқарылып жатыр екен. Биыл бюджеттен осы мектепке арнайы қаражат бөлінді. Мұнда енді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деді Ақан Бижанов.

Айта кетейік, Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық әскери мектеп-интернаты Суворов мектептерінің үлгісінде 1983 жылы ашылған болатын. Бүгінде аталмыш білім ордасында 449 оқушы білім алуда. Биыл олардың 217-сі мектеп бітіріп, таңдаған мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарына құжат тапсырады.

«Егер Ұлттық бірыңғай тестіні жақсы тапсырып, кем дегенде 65-70 балл жинаса әскери жоғары оқу орындарына түсулеріне болады. Сонымен қатар ресейлік, түркиялық әскери жоғары оқу орындарында да бос орындар ашылады. Біздің түлектер ол үшін тест тапсырады, полигонға барып әскери сынақтан өтеді. Онда олардың біліктілігі, шыдамдылығы тексеріледі. Содан кейін шетелдік әскери жоғары оқу орындары осы көрсеткіштерге қарап, іріктеп алады. Жалпы, жыл сайын түлектеріміздің арасында 70-80 бала міндетті түрде әскери жоғары оқу орындарына түседі. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш», - деді Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық әскери мектеп-интернат бастығының міндетін уақытша атқарушы Жанат Әшімбаева.

Естеріңізге сала кетейік, мұндай мектеп-интернаттар елімізде тек Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында ашылған. Оған 9 сыныпты бітірген балалар қабылданады. Талапкерлер міндетті түрде аудандық әскери комиссариатта тексеруден өтіп, жарамды деп танылса, тиісті емтихандар тапсырады.